Skip to content

I Халықаралық шағын театр формалары фестивалі «Тамыр».

4–7 маусым күндері Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры мен «Буратино» студиясының алаңдарында I Халықаралық шағын театр формалары фестивалі өтті. Бұл айтулы шығармашылық шара көрермендерді эксперименталды театр мен камералық өнердің ерекше әлеміне жетеледі. Фестиваль аясында Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанның шығармашылық ұжымдары ұсынған ертегілер, моноспектакльдер, моноопералар, бейнеспектакльдер мен психологиялық драмалар көрсетілді.

Солтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры Қарағанды жеріне алғаш рет келіп отырған жоқ. Бұл жолы театр ұжымы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі көрермендердің жүрегінен орын алып, көптеген марапаттарға ие болған «Қоңыз, өрмекші және көбелек» спектаклін ұсынды.

Аталған қойылым – көлеңке өнерінің тамаша үлгісі. Ол оны жасаушылардан асқан дәлдік пен жарықпен жұмыс істеудегі жоғары шеберлікті талап етеді. Көлеңке бейнелерінің жеңіл әрі әсерлі көрінісінің артында театрдың барлық цехтарының орасан еңбегі жатыр. Қойылымда қолданылған жиырмадан астам қуыршақтың әрқайсысы – нағыз өнер туындысы. Олар экранда жан біткендей көздерін жыпылықтатып, қанаттарын, аяқтарын қимылдатып, ауыздарын ашып сөйлегендей әсер қалдырады.

Қойылымның ауқымы мен күрделілігіне қарамастан, бұл көлеңкелі әлемді небәрі үш әртіс – С. Мапенов, Ю. Высотина және Т. Ихтендрис басқарды. Олардың екеуі оқиғаны шебер өрбітсе, үшіншісі көрермендердің көңіл күйі мен залдағы атмосфераны жіті бақылап, сахна мен көрермен арасындағы көзге көрінбейтін, бірақ берік байланысты қалыптастырды.

 «Қоңыз, өрмекші және көбелек» спектаклінің жас ерекшелігіне қатысты шектеуі жоқ. Жарық пен көлеңкенің нәзік сиқыры арқылы ол көрермендерді қоршаған әлемді сүюге, табиғаттың нәзік сұлулығын бағалап, оған қамқорлықпен қарауға үндейді.